ҚР ӘҚБтК 275-бабының 1-бөлігі бойынша, салық төлеушiнiң салық салу объектiлерiн жасыруы коммерциялық емес ұйымдарға жасырылған салық салу объектiсi бойынша төленуге жататын салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасының екі жүз пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР ӘҚБтК 278-бабының 1-бөлігі бойынша, салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің сомаларын декларацияда, есеп-қисапта, тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініште кемітіп көрсету, егер осы әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, коммерциялық емес ұйымдарға салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған сомасының жиырма пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР ӘҚБтК 279-бабының 1-бөлігі бойынша, салық агентінің бюджетке ұстап қалуға және (немесе) аударуға жататын салықтардың сомаларын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде ұстап қалмауы немесе толық ұстамауы коммерциялық емес ұйымдарға салықтардың және басқа да мiндеттi төлемдердiң ұсталып қалмаған сомасының жиырма пайызы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР ӘҚБтК 279-бабының 2-бөлігі бойынша, салық агентінің бюджетке аударуға жататын салықтардың ұстап қалынған сомаларын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде аудармауы немесе толық аудармауы коммерциялық емес ұйымдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР ӘҚБтК 86-бабы бойынша, жұмыс берушінің адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберуі лауазымды адамдарға – отыз, коммерциялық емес ұйымдарға алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
|