Заңдық анықтама тұрғысынан бұл баптың сипаты тым бұлыңғыр. Бұл қылмыстық қудалау органдарының құзыры тым көп екенін көрсетеді. Шын мәнінде ойдан шығарылған негізбен де жауапкершілікке тартуы мүмкін. Бұл жағымсыз факторға жатады.
Қоғамдық бірлестіктер (әрі қарай ҚБ) КЕҰ бір формасы ретінде коммерциялық емес заңды тұлғаға жатады, олардың «арнайы» құқықтық қабілеті бар, яғни өз жарғысында көрсетілген әрекеттерді ғана істей алады. 2001 жылғы 16 қаңтардағы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның 32-бабының 1-бөлігіне[1] сәйкес, коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған және коммерциялық емес ұйымның мақсаттарына сәйкес келетiн, оның құрылтай құжаттарында көзделген бiр немесе бiрнеше қызмет түрiн жүзеге асыра алады.
Алайда, іс жүзінде ҚБ қоғамға пайдалы қызметпен (мысалы, қайырымдылықпен немесе ағарту ісімен) айналысатын жағдайлар өте көп кездеседі, ол әрекеттер қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді әрі көбінесе мемлекеттік органдармен бірлесе атқарылады.
ҚР ӘҚБтК 489-бабының 1-бөлігінде, өкінішке қарай, «қоғамдық қауіп» кәсіптеуші белгі (яғни, әрекеттің құқық бұзушылық екенін көрсететін негізгі белгі) ретінде көрсетілмеген. Соған орай, жарғыда көрсетілмеген болса, қоғамға пайдалы іспен айналысудың өзі де әкімшілік жауапкершілікке тартуға себеп болуы мүмкін.
Сондықтан мынадай кеңес береміз:
- Жарғыда көрсетілген мақсаттар мен міндеттердің жақын болашақта атқаратын қызметтеріңізге сәйкестігін тексеру. Сәйкес келмейтін болса, жарғыға өзгертулер енгізу.
- Мақсаттар мен міндеттерді көрсеткен уақытта мейлінше кең ауқымды қамту.
- Жарғыда болашақта қамту жоспары бар барлық қызмет бағытын көрсету. Сонымен бірге, олар бір-бірімен үйлесуі тиіс екенін және ұйымның атауына да сай келуі тиіс екенін, сондай-ақ ұйымның мақсаттарына да сай келуі керектігін естен шығармау.
- Ұйымның барлық мүшесі мен қызметкері ұйымның мақсаттары мен міндеттерін жетік білетінін және оның жарғыда қалай көрсетілгенінен хабардар болуын тексеру. Ұйымның мүшесі (қызметкері) басқа бір жерде сөйлейтін болса немесе ұйымның атынан емес, өз атынан қандай да бір қызметті жүзеге асыратын болса, ол жөнінде жасырмай және сөзінің басында ескертіп айтуы тиіс.
- Жаңадан қаржы көздерін тапқан уақытта әр бағдарлама және т.б. басталар алдында жарғылық мақсаттар мен міндеттер болашақ қаржыландыру тақырыбына сәйкес келетініне көз жеткізу.
Жарғыдағы мақсаттар мен міндеттер шегінен тыс әрекеттерге байланысты әкімшілік жазаға тартылғаннан кейін бір жыл ішінде тағы қайталанса, прокуратура органдарының ұсынысы негізіндегі сот шешімімен айыппұл салынады немесе ұйымның қызметін тоқтату шарасы қарастырылады.
Қоғамдық бірлестіктер туралы заңның 23-бабы[2] бойынша, қоғамдық бірлестіктің жұмысы прокуратура органдарының ұсынысы негізіндегі сот шешімімен ғана емес, сонымен бірге ішкі істер органы мен азаматтардың арызы негізінде де үш айдан алты айға дейін тоқтатылуы мүмкін.
ҚР ӘҚБтК 489-бабының 1-бөлігінде қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық істерін ішкі істер органдары қарастырады.[3]
Ішкі істер органы атынан әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап, әкімшілік жазаға тартуға құқылы лауазым иелері:
- Ішкі істер министрлігі департаменттерінің басшылары мен комитет төрағалары, аймақтық ішкі істер органы, әкімшілік, көші-қон полициясы бөлімшелері, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті полиция қызметінің басшылары, олардың орынбасарлары;
- аудандық (қалалық, қала ішіндегі аудандық) әкімшілік, көші-қон, жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің, полиция бөлімшелерінің, бөлімдердің басшылары және олардың орынбасарлары.
|