Қылмыс мемлекеттің қауіпсіздігі мен конституциялық құрылысының негізіне қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады!
Сондай-ақ бұл қылмыс экстремистік және террористік болып саналады!
Қоғамдық бірлестік лидері деп ҚР ҚК қоғамдық бірлестік жетекшісі, сондай-ақ осы қоғамдық бірлестікке ықпалымен және беделімен жеке-дара басқарушы ықпал жасай алатын қоғамдық бірлестіктің басқа қатысушысын айтады.[1]
Сізді күдікті/айыпталушы деп таныған жағдайда бірден адвокаттың қызметіне жүгініңіз. Егер істе прокурор болса, сізге кепілді мемлекеттік заң көмегі аясында адвокат ұсынуға міндетті. БІРАҚ! Егер құқық қорғау қызметімен айналысатын болсаңыздар, заңмен конфликт болған жағдайда мүдделеріңізді көздейтін адвокатпен келісімшарт жасауға кеңес береміз! Тұрақты негізде сенімді адвокатыңыз болсын!
Белгілі бір адвокатпен келісімшарт бар екенін туысқандарыңызға айтып, жедел көмек керек болған жағдайда хабарласу үшін адвокаттың телефон нөмірлерін беріп қойыңыз!
Егер Сізді ұстаған болса, келесі жайттарды түсіндіруі керек:
- Ұстау себебін ауызша айту.
- Қорғаушы шақыру құқығын түсіндіру.
- Үндемеу құқығы бар екенін және айтқан сөзіңіз сотта өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін екенін айтып түсіндіру.
- Егер қазақ/орыс тілін білмесеңіз, немесе ұсталған сәтте алкогольдік, есірткілік, токсикологиялық мастық жағдайында не ауыр психосоматикалық жағдайда болғандықтан құқықтарыңызды түсіндіруді адекват қабылдай алмаған жағдайда, құқықтарыңыз аудармашының қатысуымен (қажет болған жағдайда) және (немесе) күдікті ретінде тергеу басталғанға дейін қорғаушының қатысуымен түсіндіріледі, бұл жөнінде тергеу хаттамасына белгі соғылады.
- Ұстағаннан кейін үш сағаттан аспайтын уақытта хаттама толтырылуы керек.
- Егер қандай да бір зақым келген болса, жалпы денсаулық жағдайыңызды және денеңізде зақым іздері бар-жоғын анықтау үшін дәрігерлік сараптама жасауға өтініш беріңіз.
- Есіңізде болсын!!! Сот санкциясынсыз тек 3 тәулікке ұстай алады.
- Жеке тінтуді тінтілетін адаммен бір жынысты адам ғана жүргізе алады және куәлар мен мамандар да сол жыныстың өкілі болуы тиіс.
- Сізді уақытша ұстау изоляторына отырғызуы керек. Басқа жерде ұстау – заңсыз.
- Органдар отбасыңыздың кәмелеттік жасқа толған мүшелеріне, басқа туыстарыңызға немесе жақын адамдарыңызға дереу хабарлауы тиіс, немесе өзіңіздің хабарлауыңызға мүмкіндік беруі керек.
- Егер заң талаптарын айтарлықтай бұза отырып ұстаған болса, сізді босатуы тиіс.
Мұндай істер көбінесе жабық қаралады, істе аноним куәгерлер болуы жиі кездеседі. Сот шешімі де қоғам үшін жабық келеді. Істің жекелеген материалдарына «Құпия» деген белгінің соғылуы кейбір адвокаттардың іске араласуын қиындатады. Егер ісіңіз мемлекеттік құпиямен байланысы бар деп танылса, адвокатыңыз арнайы рұқсат алуы керек. Уәкілетті орган адвокаттың жеке басын тексергеннен кейін рұқсат беруі де мүмкін, іске қатысуға рұқсат етпеуі де мүмкін. Рұқсат бермеген жағдайда басқа адвокаттың көмегіне жүгінуге тура келеді және ол келісім берсе, оның іске қатысуына рұқсат алу процедурасын қайта жасау керек.
Адвокатыңыз болмаған жерде ешқандай процессуалдық құжаттарға қол қоймаңыз және тергеу әрекетіне қатыспаңыз.
Ешқашан тергеушінің, прокурордың, соттың немесе тағы басқалардың кеңесі мен ақылын тыңдамаңыз. Сізді қамауға алған солар, олар сіздің сотталуыңызға мүдделі. Олармен үстіңізден қозғалған іс туралы, істің мән-жайы туралы, жеке мәселелеріңіз бен жақындарыңыздың проблемалары туралы сөйлеспеңіз. Тіпті аса сенімге құрылған әңгіменің өзінде де кінәсіз екеніңізді айтудан танбаңыз.
Тергеушіге қателіктері туралы ескерту жасамауға тырысыңыз. Тек шектен шығып бара жатқан жағдайда ғана тергеушінің әрекетіндегі заңбұзушылық туралы шағым түсіруге болады.
Адвокатқа сенбейтін болсаңыз, кез келген уақытта одан бас тарта аласыз.
Кез келген процессуалдық құжатқа: хаттама, қаулы және басқаларына танысқан уақытта ескертпеңізді жазып отырыңыз.
Тергеушінің, прокурордың, аудармашының, эксперттің, маманның әрекетіне қатысты ескерту жасауға болады.
Егер бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды таңдаса, камера ішіндегі бақылау объектісі болуыңыз мүмкін, камералас көршіңіз жедел қызметкерлерге бүкіл сөзіңізді жеткізуі мүмкін, тіпті көршіңіз жасырын жедел қызметкер болуы да мүмкін.
Адвокатқа сенетін болсаңыз, сіздердің араларыңыздағы барлық әңгіме мүмкіндігінше оңаша, құпия жағдайда болуы керек.
Кінәсіз екеніңізді дәлелдейтін негізгі айғақты мейлінше тергеу соңына дейін ұзақ уақытқа сақтаңыз.
Экстремистік және террористік істерді тергеу мен сот қарауы әрдайым арнайы экспертизалар жасаумен байланысты келеді, ал олардың сапасы қоғамдық сектор тарапынан да, халықаралық қауымдастық тарапынан да үнемі сынға ұшырап жүр. Эксперттерге сұрақ қою ісіне үнемі қатысыңыз, қорғаушы тарап өкілі болсаңыз, балама сараптама жасауға және тәуелсіз эксперттер мен мамандар тартуға бастама көтеріңіз.
Сізге қатысты айыптау үкімі шыққан жағдайда және сот шешімдерімен келіспеген жағдайда мұндай шешімге орай ҚР ҚПК[2]-да көрсетілген тәртіп пен мерзім ішінде шағым түсіру керек.
Естеріңізде болсын, соттар мұндай істерді қараған уақытта ҚР ҚК және ҚПК-ға қосымша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылдың 8 желтоқсанындағы №11 «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану бойынша кейбір сот практикасы мәселелері туралы» нормативтік қаулысын[3] басшылыққа алады.
Ескерту. Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыруды күш қолдану қатерін төндіріп жүзеге асырған және бұл туралы өз еркiмен мәлiмдеген адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.[4]
|